Сағи Жиенбаев туралы


Сағи Жиенбаев 


Сағи Жиенбаев 1934 жылы 15 мамырда Ақтөбе облысының Байғанин ауданындағы Оймауыт ауылында туған. Қазақтың көрнекті ақыны, лирик. Жарқамыс орта мектебін, Қызылорда педагогтік институтын бітірген.
1955 жылдан Гоголь атындағы Қызылорда педагогика институтын бітіргеннен кейін Жезқазған қаласының №10 орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді.
1956 жылдан әдеби қызметке ауысып «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан пионері» газеттерінде, «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, 1965-84 жылдары «Жазушы» баспасында редактор, аға редактор, бөлім меңгерушісі болып істеді. Соңғы жылдары «Ақ Орда» журналының бас редакторы болды.
Сағи Жиенбаев көптеген жыр кітаптарының авторы. Оның алғашқы «Қарлығаш» атты өлеңдер жинағы 1959 жылы жарық көріп, қалың оқырманды ақындық аса нәзік, ерекше тынысымен баурап алды. Бұдан кейін ақынның «Сыйлық» (1960), «Дала гүлі» (1961), «Теңіз сыры» (1963), «Таң алдында» (1964), «Менің көршім» (1965), «Қайырлы таң» (1966), «Ақ толқын» (1967), «Ор киік» (1969), «Алтын қалам» (1971), «Жадымдасың жас күнім» (1972), «Әлия» (1973), «Оймауыт» (1975), «Ақ самал» (1976), «Құралай салқыны» (1979), «Бозторғай» (1980), «Іңкәр дүние» (1981), «Жарық жұлдыздар» (1983), «Нан мен тұз» (1984), тағы басқа көптеген жыр жинақтары оқырмандардың ыстық ықыласына бөленді.
Ақынның ең таңдаулы өлеңдері музыка тілінде сөйлеп, «Қарттарым аман сау жүрші», «Ана», «Елім менің», «Бейбітшілік жыры», «Ашық аспан», «Ауыл азаматтары», «Таң бұлбұлы», «Соғыс ардагерлері», «Қайдасың сен», «Дәурен-ай» т.б. өлеңдері халық арасына кең тарап кетті. Ақын композитор Ғазиза Жұбанованың «Еңлік-Кебек», Базарбай Жұманиязовтың «Махамбет» операларына либреттолар жазды.
Сағи Жиенбаев әлем поэзиясының аудармашысы ретінде жемісті еңбек етті. Оның аудармасында Байронның, Пушкиннің, Туманиянның, Лермонтовтың, Гамзатовтың және басқа әлем әдебиетінің классиктерінің өлмес туындылары қазақ тілінде тамаша сөйледі.
Көрнекті ақын, нәзік сезімді суреткер, поэзия зергері және ақындардың әлденеше буынының ұстазы Сағи Жиенбаев 1994 жылы 15 мамырда 61 жасқа қараған шағында кенеттен қайтыс болды.
Халық мұратына, елдің еншісіне айналған көрнекті ақын Сағи Жиенбаевтың парасатты поэзиясы оқырманның жүрегінен орын алып, уақыт озған сайын мағыналы бола түсуде.
Сәулелі сөздің шебері, жаны жайдары ақын Сағи Жиенбаевтың мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа, ғасырдан – ғасырға жалғаса береді.
Сағи Жиенбаевтың есімі Қарауылкелді поселкесіндегі бір көшеге, Ақтөбе қаласындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасына, Байғанин ауданы Оймауыт ауылындағы Жаңажол орта мектебіне берілді.




Комментариев нет:

Отправить комментарий